Бостондағы жарылысқа байланысты алты жылға сотталған қазақстандық Диас Қадырбаев Қазақстанға депортацияланды. Ол тамыз айының соңында Техас штатындағы Big Spring түрмесінен мерзімінен бұрын босап шыққан еді.
"Қадырбаев АҚШ-тан 23 қазанда коммерциялық ұшақпен ұшып шықты және 24 қазанда Алматыдағы халықаралық әуежайына келгеннен кейін көші-қон және кедендік полиция қызметкерлері оны босатты" деп жазды америкалық Fox News арнасы осы аптада.
2013 жылы 15 сәуірде Бостон марафоны кезінде болған екі жарылыстан үш адам қаза тауып, 260-тан астам адам жараланған еді. АҚШ билігі қазақстандық екі азамат: Диас Қадырбаев пен Азамат Тәжаяқовқа "терактіні зерттеуге кедергі келтірді" деген айып тақты.
Бұл іс бойынша 2015 жылы Диас Қадырбаев алты жылға сотталды. Айыптау қорытындысы бойынша, Қадырбаев теракт бола салысымен ФБР таратқан суреттердің ішінен жарылысты ұйымдастырды деген күдікке ілінген Царнаевты танып қалып, оның жатақхана бөлмесінен жеке заттарын алып шыққан.
Ал 2015 жылғы 2 маусым күні үкімі оқылған кезде Қадырбаев "өз әрекеті үшін ұялатынын" айтқан болатын.
Ал Азамат Тәжаяқов 2016 жылы түрме жазасын өтеп, Қазақстанға келген. "Бомба жарды" деп айыпталған Джохар Царнаев өлім жазасына кесілген.
ПІКІРЛЕР