Пхеньян әскерін Украинаға қарсы соғысқа қатысу үшін Ресейге жіберу Мәскеудің емес, Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынның бастамасы болған. АҚШ әкімшілігі мен барлау қауымдастығындағы дереккөздеріне сүйенген The New York Times газеті осылай деп жазды.
"Америкалық барлау қызметтері әскер жіберу Ресейдің емес, Солтүстік Кореяның идеясы болды деген қорытындыға келді, дегенмен президент Владимир Путин бұл идеяны дереу қолдады", – деп хабарлады газет.
Бұған дейін Украина мен Батыс елдері Солтүстік Корея Ресейге әскер жіберді, олар жақында Курск облысындағы Украина әскеріне қарсы шабуылдарға қатысып, шығынға ұшырады деген мәлімет айтты.
Мәскеу мен Пхеньян мұны ресми түрде растаған жоқ, алайда тікелей жоққа да шығарған жоқ.
The New York Times газетінің жазуынша, Батыстың кей шенеунігі майданға Солтүстік Корея сарбаздарының қосылғаны Кремльге көбірек сарбаз қажет екенін көрсетті деп санаған. Алайда америкалық барлау қызметі мұны шын мәнінде Путиннің емес, Кимнің бастамасы болды дейді.
Газет сүйенген дереккөздердің айтуынша, Солтүстік Корея басшысы Ресейден бір нәрсе алуға үміттеніп, көмек ұсынған. Пхеньян дипломатиялық қолдау я технология алғысы келген. Бұған дейін АҚШ әкімшілігінің өкілдері Мәскеу Пхеньянға ядролық зымыран бағдарламасын іске асыруға көмек көрсетуі мүмкін деп алаңдаған.
Оңтүстік Кореяның штаб басшыларының бірлескен комитетіне сүйеніп Yonhap агенттігі Солтүстік Корея Ресей-Украина соғысында 1100 адамынан айырылды деп хабарлады. Ал Украина президенті Владимир Зеленский Курск облысында Солтүстік Кореяның 3 мыңнан аса адамы қаза тапқан және жараланған деп айтты.
Украина Ресей күштері Солтүстік Корея сарбаздарының жеке басын жасырады, сол себепті адам шығынын бағалау қиын дейді. Солтүстік Корея сарбаздары арасындағы адам шығыны бойынша тәуелсіз дереккөз жоқ. Соғыстағы тараптар, әдетте, қарсы жақтың шығынын асыра айтады.
Оңтүстік Корея мен АҚШ барлау қызметтерінің мәліметінше, Солтүстік Корея билігі Украинамен соғысып жатқан Ресейге 12 мыңға жуық сарбаз жіберген. Ақпаратқа қарағанда, олар әзірге Ресей аумағындағы шабуылдарға қатысып жатыр.
Оңтүстік Корея барлау қызметінің дерегінше, Пхеньян Ресей армиясын қолдауға қосымша әскер және техника жіберуге дайындалып жатқан болуы мүмкін.
ПІКІРЛЕР