Көлік министрлігі: Ресей мен Орталық Азия елдерінің ұшақтарын Ақтау әуежайында жөндеу жоспарда бар

Қазақстанның батысындағы Ақтау қаласының әуежайы. Фото aktau-airport.kz сайтынан алынды.

Қазақстанның батысындағы Ақтау қаласының әуежайында Ресей мен Орталық Азия елдерінің ұшақтарын жөндейтін техникалық қызмет көрсету орталығы ашылуы мүмкін. Мұндай жоспар барын 23 желтоқсанда көлік министрі Марат Қарабаев айтты.

Орталықты салуға түріктің YDA, Turkish Technic және ASFAT компаниялары қатыспақ. Әуежай аумағында оқу орталықтарын да салу жоспарда бар.

"Қызмет көрсету орталығы Қазақстан, Ресей, Орталық Азия елдерінің азаматтық және әскери ұшақтарын (Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Түркіменстан, Қырғызстан және Тәжікстанның 411 азаматтық жолаушы ұшағы) қабылдамақ. Жоба іске асса, әуежайдың жүк тасымалы бойынша күші жылына 200 мың тоннаға дейін артады, ал бір жылғы айналымы 520 миллиард теңге болады", – деді министр Марат Қарабаев.

Қарабаев Ақтау әуежайы – келешегі бар мультимодаль хаб, барлық көлік түріне ыңғайлы, Еуропаға жақын орналасқан деді.

Оның сөзінше, көлік министрлігі ұшақ жанармайы мәселесіне де назар аударып отыр. Министрлік "ҚазМұнайГаз – Аэро" компаниясы базасында ұшақ жанармайы бойынша бірыңғай оператор құруды ұсынды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ресей Қазақстаннан ұшақ тапшы тұста ішкі әуе рейстеріне көмектесуді сұрады

Мәскеу Украинаға қарсы соғыс бастағаннан кейін Ресейдегі азаматтық авиация біраз қиындыққа тап болды. 2022 жылғы ақпаннан бері Ресей мен Батыс елдері арасында тікелей әуе рейстері жоқ. Ресейге салынған санкциялар оның ұшақтарына Батыс елдеріне ұшуға тыйым салған. Boeing және Airbus компаниялары Ресейге бөлшектер жеткізуді тоқтатып тұр, ал ресейлік әуекомпаниялардың ұшақтарына техникалық қызмет көрсетуді және қолдауды тоқтатқан. Ресейлік әуекомпаниялар флотының басым бөлігі Boeing және Airbus ұшақтарынан тұрады.

Санкция астында қалған Мәскеу бұған дейін өзіне "дос" санайтын мемлекеттерден Ресей ішінде жолаушыларға арналған әуе рейстерін ұйымдастыруға көмек сұраған. Бұл туралы Ресейдің көлік министрі Роман Старовойт мәлімдеген. Ол бұл мәселеге байланысты Қазақстанмен келіссөз жүріп жатыр деп айтқан.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ БАҚ: Ресейде Airbus ұшақтарының жартысы жөндеу қиындықтарына байланысты ұшуды тоқтатты