"Бұл жүйеден де орнын тапқандай". Тимур Құлыбаевтың активінен айырылса да баю сыры неде?

Тимур Құлыбаев

2020 жылдың қаңтар айы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаевты қабылдады. Кездесуде талқыланған негізгі мәселелер – импортты алмастыру, мемлекеттік сатып алудың тиімділігін арттыру, бизнесті дамыту жайлы болды. Елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ортаншы қызының күйеуі Тимур Құлыбаев ол уақытта магнат әрі Қазақстанның экономикалық және саяси өміріндегі ықпалды адамдардың бірі-тұғын.

2022 жылдың қаңтары. Қазақстанда жағдай өзгерген. Ел басқару тізгіні бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевтан ізбасары Тоқаевқа өту кезеңі қос билік қалыптасқан және белгісіздік сипаттарымен ерекшеленді. Билік транзитінің белсенді кезеңі 2022 жылғы қанды Қаңтар, яки Қаңтар оқиғасымен аяқталды. Ол елдің саяси жүйесінде төңкеріс жасады. Қаңтардан кейін "ескі Қазақстан" өкілдері мен бұрынғы президенттің отбасы мүшелері бірқатар қиындыққа тап болды.

Назарбаевтың өзі де, жақындары да артықшылықтан айырылды. Үлкен қызы Дариға Назарбаева парламент депутаттығынан кетті. Немере бауыры Қайрат Сатыбалдыұлы (Сатыбалды) аса ірі көлемде ақша жымқырған деген айыппен 6 жылға бас еркіндігінен айырылса, оның әйелі Гүлмира Сатыбалды бопсалау және өзінше билік ету деген айыппен 12 жылға бостандығынан айырылды. Қайрат Сатыбалдыұлы мемлекет бюджетіне 50 млрд теңге (104 млн доллар) қайтаруы керек.

Назарбаевтың інісі Болаттан 300 гектар жерді тартып алды, көлемі бойынша бұл – Алматы қаласы аумағының жартысындай жер.

Назарбаевтың тағы бір бұрынғы туысы (үлкен қызының бұрынғы құдасы), кәсіпкер Қайрат Боранбаев 2023 жылдың мамыр айында сот үкімі бойынша сегіз жылға бостандығынан айырылып, қазан айында қамау жазасы бостандығын шектеу түріне ауыстырылды. 2024 жылдың маусым айында ол қайтадан Ұлттық паралимпиада комитетінің президенті етіп тағайындалды.

Тимур Құлыбаевқа алғашқы соққы мемлекетпен тығыз байланысты құрылымдардағы қызметінен болды. 2022 жылдың қаңтар айында Назарбаевтың күйеубаласы "Атамекен" ҰКП төралқасының төрағасы қызметінен кетті. Сол жылдың наурыз айында ресейлік "Газпром" компаниясының директорлар кеңесі құрамынан шықты.

Тимур Құлыбаев пен әйелі, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Динара Құлыбаева

2022 жылдың шілде айында Құлыбаев мұнай өңдеу және сату қызметін ұсынатын Petrosun ЖШС-дағы 49% үлесін өткізіп берді. Компаниядағы Құлыбаевтың үлесі "ҚазМұнайГаз" мемлекеттік компаниясына өтті. Қазақ-қытай компаниясы жартылай мемлекеттік болып қалғаннан кейін оған монополияға қарсы заңнаманы бұзғаны үшін миллиондаған сома мөлшерінде айыппұл салынды. 2024 жылы компания жойылып, орнына басқа компания құрылғаны мәлім болды.

2022 жылдың қазан айында Құлыбаев Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің (ҚазҰУ) жеріне меншік құқығын қайтарып беруді талап еткен сотта жеңіліп қалды. Ол жерде Құлыбаевтың Atlas Development компаниясы А санатына жататын элитаға арналған бизнес орталық салып жатқан. Содан бір жыл бұрын университет ҚазҰУ жерінің бір бөлігі жекеменшік компанияларға тиесілі деген әкімдік қаулысына келіспей, шағым түсіргенімен, "ескіру мерзімі өтуіне байланысты" шағым қанағаттандырылмаған еді.

2023 жыл Назарбаевтың күйеубаласына тағы да "тосын сый" дайындап тұр екен: Құлыбаевқа тиесілі компаниялардың бірі салған қонақ күтуге арналған үй сүрілді. Ол теміржол тасымалы саласындағы ұлттық оператор "Қазақстан Темір Жолы" компаниясындағы активінен айырылды.

Мамыр айында сот Құлыбаевтың "Сұйылтылған мұнай газын сақтау паркі" ЖШС-дегі 50% үлесін қайтарып алды. Газ бағасының көтерілуіне себепкер болған серіктестіктің қызметін тексеру Қаңтар оқиғасынан кейін басталған. Компанияға монополия орнату арқылы жоғары баға қойып, 2 млрд теңге көлемінде заңсыз табыс тапты деген айып тағылды.

"Серіктестік басшылығы 2017-2021 жылдар аралығында екінші көтерме нарықта сұйылтылған мұнай газын ұсыну бойынша үстемдігін пайдалана отырып, сұйылтылған мұнай газын қабылдау, сақтау және құю қызметіне жоғары баға қойып, монополия жасағаны белгілі болды", – деді агенттік мәлімдемесінде.

Құлыбаевтың Joint Technologies компаниясы келісімшарт талабын бұзғаны үшін айыпақы төледі, бірақ ол уақытта "Сұйылтылған мұнай газын сақтау паркі" акционерлері қатарынан шыққан жоқ. Ал наурыз айында тең құрылтайшы қатарына мемлекеттік "Атырау мұнай өңдеу зауыты" кірді.

2023 жылдың маусым айында Құлыбаевтың Ұлыбританиядағы мүлкі нысанаға ілікті. 2024 жылдың маусым айында Құлыбаевтың британ жеріндегі бірнеше жылжымайтын мүлкін сатқаны, соның ішінде "Самұрық-Қазына" мемлекеттік қорында жұмыс істеген 2007 жылы алынған үйін сатқаны белгілі болды. Ондағы мүлкінің бірі 34,7 млн фунт стерлингке бағаланса, екіншісі 12 миллионға сатылды.

Қыркүйек айында Ұлыбритания билігі Құлыбаевтың Лондондағы жылжымайтын мүліктері туралы мәліметтерді жария етті, Құлыбаевтың Ресейдегі мүліктері турлы материал шықты.

"Газпромдықтар деген – айрықша артықшылығы бар ресейлік тап, жеке бюджеті, жеке әскері, жеке әскери компаниялары, "тек қана өзіміз" дейтін жабық кенттері және Ресей федерациясындағы бизнес орталықтағы басқа ешкімде жоқ өзге де артықшылықтары бар мемлекет ішіндегі мемлекет. Тимур Құлыбаев та осы таптың бір өкілі, айрықша қорғалатын газпромдық кенттердің біріндегі ең үлкен жер мен мүлік иесі, ал Қайрат Боранбаев екеуіне ортақ Мәскеудегі бизнес орталықты Путиннің жақын досы әрі серіктесінің ұлы жалға алып отыр", – деп жазды "Выход к морю" telegram-арнасы.

Қазан айында Nege.Aqsha telegram-арнасы қолға түскен құжаттарға сүйене отырып, Құлыбаев дүние-мүлкі мемлекетке қайтарылуы мүмкін олигополия субъектілерінің құпия тізімінде екенін жазды. Telegram-арнаның жазбасын Kazinform мемлекеттік ақпарат агенттігі жариялады.

2024 жылы Тимур Құлыбаев "Шұбаркөл премиум" көмір компаниясын сатты, ал оның "Каспий мұнай" мұнай компаниясына 13 млрд теңге көлемінде айыппұл салынды. Биыл да ол активтерді қайтару комитетімен соттасуды жалғастырды.

Биыл Қазақстанның кейінгі 80 жылдық тарихында болмаған алапат тасқыннан 60-тан аса елді мекен зардап шеккен уақытта Forbes тізіміндегі басқа да бизнесмендермен қатар Құлыбаев та Атырау облысын қалпына келтіруге 30 млдрд теңге бөлді. "Халық" қорының баспасөз қызметі таратқан хабарламада оның "президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен еліміз бар қиындықты еңсеріп жатыр" деген сөзі келтірілді.

Оның алдында Тоқаев Forbes тізіміндегі кәсіпкерлермен "әңгіме болатынын" айтқан еді.

"Олар әр облысқа, ауданға, мекенге бекітіліп, жеке жауап береді", – деп мәлімдеді президент.

Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов (оң жақта) пен Kazenergy ассоциациясы төрағасы Тимур Құлбаев жыл сайын өтетін Kazenergy жиынында отыр. Астана, 4 қазан, 2011 жыл.

ТЕҢІЗГЕ ТАМҒАН ТАМШЫДАЙ МА?

Кейінгі жылдары біраз қиындыққа тап болғанына қарамастан, Тимур Құлыбаевтың байлығы артып жатқанға ұқсайды. 4 жыл ішінде ол екі есеге жуық артып, 2,8 млрд доллардан 5 млрд долларға дейін жеткен. Ол әйелі, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Динара Құлыбаева, бизнесмендер Владимир Ким және Болат Өтемұратовпен бірге әлемдік Forbes тізіміндегі аз ғана қазақстандықтың бірі болып қалып отыр.

Spik талдау орталығы жетекшісінің орынбасары Қуат Әкіжанов Тимур Құлыбаевтың әлі де дес бермей келе жатуына жинаған қоры көмектесіп отыр деп санайды.

– Ол есепсіз байлықтың иесі, сондықтан бір дүниесінен айырылып қалса да, оны сезінбейді. Құлыбаев біздегі рента экономикасындағы негізгі ойыншының бірі болғандықтан, оның активтері әлі де кіріс әкеліп отыр. Сонымен бірге, 30 жыл бойы барынша қолдау көріп келе жатқан Қазақстанның ірі банкі Құлыбаевтың меншігінде екенін ұмытпау керек. Ал қаржы секторы әр жылды пайдамен аяқтайтыны белгілі, – деді Қуат Әкіжанов. – Бұл Қазақстандағы экономикалық үлгінің құрылымы өзгеріссіз қалып отырғанын айғақтайды. Саяси жағынан да көп өзгеріс бола қойған жоқ. Бізде олигархтардың бәрі тең, бірақ кейбірі айрықша тең. Жүйе келісімге байлаулы, қандай бір тұлғаларға арқа сүйейді.

Әкіжановтың айтуынша, Құлыбаев Қазақстандағы жаңа билік жүйесіне де кірігіп үлгерген.

– Біздегі саяси экономия авторитар клептократиядан плутократияға, яғни үлкен отбасынан байлардың билігіне ауысқанын көріп отырмын. Бұл жүйенің бұрынғыдан еш артықшылығы жоқ. Байқауымша, есепсіз байлық жинап алған Құлыбаев бұл жүйеден де орнын тапқан сияқты, – деді ол.

Құлыбаевтың қолындағы негізгі актив: Қазақстандағы ірі банктер қатарындағы Halyk Bank ("Халық банк"), жылына Құлыбаевқа 27 млрд теңге әкелетін отыздан аса сауда үйі мен қонақүйлер және мұнай компаниялары.

Мұнай-газ келісімшарттарынан түсетін табыс бұрынғы президенттің күйеубаласының негізгі капиталы. 2000-жылдары, Ұлыбританиядан жылжымайтын мүлік сатып алуды бастаған кезінде Құлыбаев Каспийде мұнай алу көлемін арттыру мақсатында құрылған "ТеңізСервис" компаниясының бір бөлігіне иелік ететін. Ал Каспийде Қазақстанның бірнеше ірі мұнай кен орны, соның ішінде Теңіз кеніші де бар.

"ТеңізСервис" компаниясының қызметін бірнеше елдің журналистері зерттеп көрді. Қазақстандық "Власть" порталы 2012 жылы "ТеңізСервис" компаниясының өкілдері "үкіметпен "жақсы қарым-қатынаста" екенін алға тартып, Батыстағы серіктестерге рұқсат алу барысын жеделдетуге уәде бергенін" жазды.

Follow the Money (Ақшаның ізіне түс) ұйымының зерттеуші журналистеріне Нидерланд прокуратурасы Van Oord голланд компаниясы Қазақстандағы келісімшартты сыбайлас жемқорлыққа бару арқылы алған болуы мүмкін деген күдік барын айтқан. Мәтінде Қазақстанда голланд фирмасынан ақшаны кім алғаны айтылмаса да, бұл істің Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеубаласымен байланысты екені көрсетілген.

Құлыбаевтың компаниялары ұзақ уақыт бойы мұнай-газ саласында тиімді келісімшарттар жасап, зауыттар салды. Халықаралық зерттеуші журналистер консорциумының дерегі бойынша, Тимур Құлыбаев 220-дан астам компания мен 22 елдегі трастыдан тұратын империяның басында отыр, оның ішінде офшордағылары да бар.

Қазақстан қоғамы Нұрсұлтан Назарбаевтың экономикалық тұрғыда әлі де белсенді туысының тағдырын қызыға бақылап отыр. Әйтсе де, Бас прокуратура бұрынғы президенттің күйеубаласының активтері туралы ақпаратты әлі де "мемлекеттік құпияға" жатқызып отыр. Қазақстанда Назарбаев президент қызметінде отырғанда байлыққа кенелген Құлыбаевтың және басқа да ірі олигархтардың бизнестегі іс-әрекетін ресми тергеп-тексеру жөнінде де ештеңе айтылмайды.

Талдаушы Қуат Әкіжанов осыған орай активтерді қайтару науқаны елдің жаңа басшыларына "жақсы саяси PR" болып, шынайы құрылымдық өзгерістерге әкелу мүмкіндігі болғанына қарамастан, "PR науқанға айналып кетті" деп санайды.

– Әділдікті қалпына келтіру туралы айту артық. Біз жазалау сипатындағы әлдебір нақты акцияларды ғана көріп отырмыз. Бұл науқанның тиімсіз жүріп жатуының өзі активтерді қайтару деп атойлап басталған шараның тығырыққа тірелгенін және биліктің қолайына жақпайтын олигархтарды қуғындау тетігі ретінде пайдаланылуы мүмкін екенін көрсетеді, – деді Қуат Әкіжанов.

Қараша айының аяғында мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи парламенттегі үкімет сағатында Құлыбаев "тойынып болған шығар" дей келе, олигарх Қазақстан мұнайын сатудан қыруар пайдаға кенеліп отыр деп айыптады. Бапи Қазақстан мұнайын сатудан түскен пайданың айтарлықтай бөлігі Құлыбаевтың иелігіндегі компанияларға кетіп жатыр деп мәлімдеді: олардың саны 200-ден астам және әлемнің 22 елінде тіркелген. Депутаттың сөзінше, Қазақстан сыртқы қарызға белшеден батып, болашақ ұрпаққа арналған Ұлттық қордың ақшасына алақщан жайып отырған уақытта олигарх байлыққа кенеліп жатыр.

"Қазақстан мұнайы ел ішіндегі своп операциялар бойынша басқа бағамен сатылатыны, ал сыртқа мүлдем басқа бағамен шығарылатыны баршаға белгілі. Ортадағы айырма офшорда және шетелдік компаниялардың шотында қалады, – деп мәлімдеді бұрынғы оппозициялық журналист Бапи. – Тойынып болған шығарсыңдар, осы уақытқа дейін алғандарыңа қанағат деңдер. Болашақ ұрпаққа да бірдеңе қалсын".

Тимур Құлыбаев әдетте байлығы және оған қалай жеткені жөнінде мәлімдеме жасамайды, зерттеуші журналистердің айыптауына жауап бермейді. Бұл жұмысты оның адвокаттары атқарады.

Қараша айында, зерттеуші журналистер консорциумының зерттеуінен кейін Құлыбаевтың мүддесін қорғайтын заңгерлер оның "ешқашан коммерциялық кәсіпорындарын жасыруға немесе заңға қайшы пайда табуға тырыспағанын" айтты.