21 желтоқсан жылдың ең қысқа күні болды.
Қазақстанның шығысында орналасқан Өскемен қаласында қазір сағат 15:30-да күн батады. Бұл былтырғы жылдан бір сағатқа ерте. Көктемде үкімет жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орында тұрған елдің барлық өңірін бір уақыт белдеуіне ауыстырған.
Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан бергі 33 жылда билік қабылдаған, бірақ жұртқа аса жақпаған шешімдердің бірі осы болды. Халыққа бұл өзгерістің ұнамағаны соншалық, билік уақыт белдеуін ың-шыңсыз қайтадан бұрынғы қалпына келтіруге дайындалып жатқан болуы да мүмкін.
– Кешкі 6-да қызымыз мектептен келгенде үй тапсырмасын орындауға шамасы келмей қалады, – деді Өскемен тұрғыны Аян Мақсұтов қазір ерте қас қараятынын меңзеп.
– Мұғалімдер "балалар сабақта қалғып-мүлгіп отырады" дейді. Ересектердің өзі 16.00-ден кейін жұмыс істегісі келмейді, – деді Мақсұтов.
БІРЫҢҒАЙ УАҚЫТ БЕЛДЕУІНЕ КӨШУ
2024 жылғы 1 наурызға дейін Қазақстанда екі сағат белдеуі болды. Оны өзгертуді ұсынған шенеуніктер бұрынғы уақыт адамның биологиялық ритмін бұзады деген уәж айтты. Олар бірыңғай уақыт белдеуінің тағы бір пайдасы: бүкіл ел аумағында бизнес процестерді реттеуге және көлікпен тасу қызметін жеңілдетуге септеседі деді.
Авторитар Қазақстан – әлемдегі бірыңғай уақыт белдеуіне көшкен жалғыз үлкен мемлекет емес.
Үндістанда да бірыңғай уақыт белдеуі бекітілген (GMT+5.30). Бірақ Үндістан Қазақстанға қарағанда экваторға жақын орналасқандықтан жыл бойы күннің ұзақтығында айтарлықтай айырмашылық байқалмайды. Соның өзінде Үндістанда екі сағат белдеуін енгізу жайлы үндеулер болған, өйткені уақыт белдеуі жүйесі елдің шығыс және батыс бөлігіндегі таңның атуы мен күннің батуындағы жергілікті өзгерістерді ескереді.
Қытайда GMT+8 ресми бірыңғай уақыт белдеуі саналады. Бұл уақыт батыс аймақтарға қарағанда, Пекин мен Шанхай сияқты мегаполистерге көбірек сәйкес келеді.
Қазақстанда елдің шығыс бөлігі батыстың уақытымен бір сағат артқа жылжыған соң, күн қысқарып, қараңғы ерте түсетін болды.
Бұл шешім Өскемен тұрғындарына ғана емес, Қазақстанның ең ірі үш қаласы: ел астанасы – Астана, қаржы хабы – Алматы және оңтүстікте орналасқан Шымкент қаласына да әсер етті.
УАҚЫТТЫҢ ӨЗГЕРУІНЕ ҚАРСЫЛЫҚ
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "еститін үкімет" идеясын ұсынған. Бұл – билік халықтың пікіріне құлақ асып отырады дегенді білдіреді.
Бірақ сағатты ауыстыруға келгенде, шенеуніктер керісінше қылық танытып отыр.
Қарашада сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев "арнайы білімі жоқ адамдарды" әлеуметтік желіде күнделікті қажеттіліктері үшін қолайлы жағдайларды дәлелдей отырып, теріс пікірді алға тартады деп сөкті.
Шаққалиев пен басқа да өкілетті тұлғалар уақытты жылжыту мәселесінде ғылым өз жақтарында екенін айтып, бұл өзгерістің халық денсаулығы мен экономикаға пайдасы зор деп мәлімдеді. 19 желтоқсанда премьер-министр Олжас Бектенов бірыңғай уақыт белдеуіне өту туралы шешім "Қазақстанда ғана емес, шетелде де жүргізілген терең ғылыми зерттеулерге сүйеніп қабылданды" деді.
Шенеуніктер шығыс өңірлердің жағдайын ескеріп, көктемде "жазғы уақытқа" (DST) өту арқылы сағат тілін алға, ал күзде артқа жылжыту мүмкіндігін қарастыруға болады деп те айтқан жоқ.
Қазақстанның бір шетінен екінші қиырына дейінгі аумақ 3 мың километрге жетеді. Жер көлемі мұншама үлкен елде бұрынғыдай екі емес, үш немесе төрт уақыт белдеуі болса да артық емес.
Енді кеш ерте түсетіндіктен, электр жарығына төлейтін ақша да көбейеді. Оның үстіне, тарифтің көтерілуі уақыттың өзгеруін құп көрмеген халықтың наразылығын одан әрі өршітті.
Ашулы азаматтар үкіметті "халықтан жарық ұрлады" деп айыптап отыр. Осы айда Demoscope әлеуметтік орталығы жариялаған сауалнама қорытындысы респонденттердің 53 пайызы бірыңғай уақыт белдеуіне қарсы, тек 22 пайызы ғана бұл қадамды қолдап дауыс бергенін көрсетті.
Биліктің уақытты өзгерту туралы шешім қабылдаған кезде қандай жайтқа сүйенгені жөнінде бірнеше долбар бар.
Forbes.kz сайтының бас редакторы, бірыңғай уақыт белдеуіне өтуге қарсы Ардақ Бөкеева ондай факторлардың бірі – шенеуніктердің Қытайға тамсануы дейді. Бірақ қазір көрші мемлекеттер уақыт өзгерісі жағынан бір-бірінен тіпті алыстап кетті.
Тағы бір себебі, мұндай шешім "әкімшілік тұрғыдан ыңғайлы болғаны" үшін де қабылданған болуы әбден мүмкін.
"Өйткені бұл олардың қолынан келеді, жұртты қатты ызаландыратыны да – осы", – деді Ардақ Бөкеева.
18 желтоқсанда Астана соты Шығыс Қазақстан облысы тұрғындары атынан үкіметтің бірыңғай уақыт белдеуі туралы шешіміне қарсы арыз түсірген адвокаттың меселін қайтарды. Арыз иелері үкіметтің уақытты жылжыту туралы шешімінің күшін жоюды сұраған еді.
Your browser doesn’t support HTML5
"МАЛҒА УАҚЫТ ӨЗГЕРДІ ДЕГЕНДІ ТҮСІНДІРЕ АЛМАЙСЫҢ"
Шенеуніктер мен сот жүйесі биліктің шешімін құптап отырғанда, биліктегі "Аманат" партиясының бірнеше депутаты қоғам пікірін қолдай сөйледі.
Қыркүйекте депутат Мақсат Толықбай Шығыс Қазақстан облысына сапарында өзіне ең жиі қойылған сұрақ – уақыттың өзгеруі жайлы болғанын айтты.
– Шығыс Қазақстанда қазір түнгі 3-ке қарай таң атып, жұрт мөңіреген сиыр дауысынан оянады, – деді Толықбай.
Осы айдың басында "Аманат" партиясының тағы бір депутаты парламентке уақытты ауыстыру туралы шешімнің күшін жоюды ұсынып, партия мүшелерінің басым бөлігі осыны қолдайтынын айтқан.
Әу баста бірыңғай уақыт белдеуіне өту жайлы шешімнің президент Тоқаевтың келісімінсіз қабылдануы екіталай нәрсе.
Ал бұл жолы президент араласпаймын деп шешсе ше?
Қытайдың Шыңжаң аймағында мемлекеттік мекемелер ресми (Пекиндікіндей) уақытпен жұмыс істеуі керек болғанымен, мұсылмандар саны басым аймақтың халқы бұрыннан "Шыңжаң уақытымен" (GMT+6) өмір сүреді.
Балдан алкогольді сусын өндіретін компанияның иегері Алмас Таңғытұлы қазірдің өзінде осыған ұқсас режимге көшкенін айтты.
Жаңа уақытқа үйрену қиын болғандықтан, ол Өскеменнің шығысында орналасқан кәсіпорнындағы жұмыс кестесіне өзгеріс енгізі қойған: жұмыс бір жарым сағат ерте басталып, солай ерте аяқталады. Бұл ауылда мал ұстайтын жұмысшылар үшін қолайлы деді кәсіпкер.
– Жұмыстан кейін олардың даладағы жарығы жоқ қораның шаруасын реттеуге уақыты қалмайды. Таңертең мал өріске асығады. Малға уақыт өзгерді дегенді түсіндіре алмайсың ғой, – дейді Алмас Таңғытұлы.