ДАУМЕН ҚАБЫЛДАНҒАН ЖАҢА ЗАҢ
Factcheck.kz сайтының редакторы, медиасарапшы Думан Смақов биыл БАҚ саласында ешқандай өзгеріс болған жоқ дейді. Сөзінше, көптен күткен "Масс-медиа туралы" заңның өзі үлкен даумен қабылданған. Смақов жаңа заң селективті сипатқа ие және сөз еркіндігін шектейді деп санайды.
– [Заң жобасында] журналистерге беретін құқығынан, мүмкіндігінен қарағанда, журналистердің жұмысын реттейтін, шектеу қоятын, алалауға мүмкіндік беретін баптары, өкінішке қарай, сол күйінде қалды. Бұл баптарды біз мысалы, аккредитация туралы ережені жариялаған кезде көрдік. Яғни, заң жобасы бір жақты жазылған. Арасында сөз еркіндігі имитациясы қолданылған. Бұдан бөлек, тағы бір айта кететін мәселе, цифрлық репрессия белең алғанын көруге болады. Мысалы, Жәмила Маричеваны полиция стадионда жүгіріп жүрген жерінен алып кетті. Қазақстан құқық қорғау органдары бізді цифрлы технологиялар арқылы қайда жүргенімізді аңдуы мүмкін деген күдік бар. Цифрлық репрессияның Асхат Ниязовтың әлеуметтік желідегі аккаунттарына шабуыл жасалуынан, жаппай боттардың шағымданып, аккаунтты өшіртіп тастауынан көріп отырмыз, – деді Думан Смақов.
Биыл маусымда Қазақстанда осыған дейін қолданылып келген "Бұқаралық ақпарат құралдар туралы" және "Телерадио хабарларын тарату туралы" заң күшін жойып, оның орнына "Масс-медиа туралы" заң қабылданды. Жаңа заңға сәйкес, масс-медиаға бұқаралық ақпарат құралдары ғана емес, интернет-ресурстар да жатқызылған. Баспасөз құқығын қорғаушылар бұл заң мемлекеттің БАҚ-қа бақылауын одан сайын күшейтуі мүмкін деп алаңдайтынын айтқан.
Ал мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева "Масс-медиа туралы" жаңа заң заман талабына сай құжат болды деп мәлімдеген. "Заң түрлі мүдделі тараптардың қатысуымен белсенді түрде талқыланды, бұл алдағы өзгерістерді жан-жақты қалыптастыруға мүмкіндік берді. Депутаттық корпус пен мәжілістегі журналистер өкілдігі заң жобасын жан-жақты әрі терең талқылауға ықпал етті. Олардың белсенді жұмысы арқылы барлық аспектілер мен ерекшеліктер ескеріліп, заң қазіргі медиа кеңістіктің қажетіне барынша бейімделді" деді Балаева.
"Айқын" газетінің бас редакторы Амангелді Құрметұлы биыл қатты өзгеріс байқамадым дейді. Сөзінше, елде сөз еркіндігі деңгейі жоғары деп айтуға келмейді. Бірақ құқықтық тұрғыдан ешқандай шектеу жоқ, жеке адамдардың БАҚ-қа ықпал ету тетіктері бар деді ол.
– 2024 жылы ешқандай да шектеу болған жоқ ашығын айтқанда. Бірақ бас редактор ретінде кейбір мәселелерге өзім шектеу қоюым мүмкін. Біз мемлекетке қатысты медиа болғандықтан мемлекеттің сыртқы саяси векторына немесе басқа бағыттарына біршама ыңғайсыз жағдай қалыптастыруы мүмкін деген позициямен өзім кейбір тақырыптарды "осыны қоя тұрсақ қайтеді" деп айтуым мүмкін. Мысалы, айталық Украина мәселесі. Көп әріптестер мемлекеттік БАҚ, соның ішінде "Айқын" сияқты басылымдар Украина мәселесін жазбай кетті деген айып таққан. Оған келісеміз, біз аз жазып кеттік. Бірақ оған дәл сол тақырыпты жазба деген шектеу болған жоқ. Иә, кейбір тақырыптарға ілесе алмай қалатынымыз рас. Бір тақырыпты қайталап көтере бермейміз. Ақпарат ретінде елдегі резонансты тақырыптардың бірқатары бәрібір сайтта шығып жатады... Бюджет тапшылығынан бастап, заңсыз жер иелену, заңсыз активтерді қайтаруға дейінгі мәселелерді біздің журналистер шама-шарқынша, мейілінше бейтарап позицияда беруге тырысып жатыр. Ресми құжатпен мынаны жазба, мынаны жазба деген шынын айтқанда болған емес, – деді Амангелді Құрметұлы.
ЖУРНАЛИСТЕРДІ ЖАЗАЛАУ
Мамырда Алматы соты елдегі жемқорлықты әшкерелейтін ProTenge жобасының журналисі Жәмила Маричеваны "жалған ақпарат тарату" бабы бойынша кінәлі деп танып, 74 мың теңге айыппұл салған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Алматыда журналист Жәмила Маричеваның соты басталдыЖурналист 30 қаңтарда аккредитация алмаған Азаттық тілшілерін қолдап, телеграм арнасында шағын пост жариялаған. Мәдениет және ақпарат министрлігі сол жазбада "көрнеу жалған ақпарат бар" деген тұжырымға келген. Маричева бұны "сөз еркіндігі шектеу" деп бағалаған.
Қазанда АЭС құрылысы туралы референдум қарсаңында Орал соты жергілікті "Уральская неделя" газеті "сайлаумен байланысты қоғамдық пікірге сауалнама жүргізу ережесін бұзды" деп, басылымға 110 мың теңге айыппұл салды. Газет YouTube-те және Telegram арнасында АЭС құрылысы мен референдум жөнінде блиц-сауал жүргізгені үшін жауапқа тартылған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Журналист сауалнама үшін жазаланды. Бұл сөз бостандығын шектеу ме?Тамызда Қонаев соты "экстремизмді қаржыландырды" және "тыйым салынған ұйым жұмысына араласты" деп айыпталған You Tube-тегі "Ne Deidi?" арнасының авторы журналист Думан Мұхаммедкәрімді жеті жылға соттады. Іске журналистің оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтан алған сұхбаты себеп болған. Мұхаммедкәрім істің саяси астары барын айтып, өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарған.
Былтыр маусымда Мұхаммедкәрім істі болып жатқанда сол кездегі ақпарат министрі Дархан Қыдырәлі оның "саяси көзқарасы үшін" істі болып жатқанын, оған министр ретінде араша түсе алмайтынын айтқан.
– Оның үстінен өзінің журналистік қызметі үшін емес, саяси көзқарасы үшін қазір іс қозғалып отыр. Бұл жерде оның журналистік қызметіне кереғар [нәрсе], шектеу қойылып жатқан жоқ. Ол саналы түрде саяси көзқарасы үшін осындай қадамға барып отыр, – деді министр.
"[Журналистің] саяси көзқарасына келіспейсіз бе?" деген сұраққа министр "әркімнің ұстанымы бар" деді. "Егер ол журналистік қызметіне байланысты қамалса, араша түсер едік" деген еді министр.
Оның орнына келген Аида Балаева биыл ақпанда Азаттық тілшісінің Думан Мұхаммедкәрім туралы сұрағына: "Қазір соты болып жатыр. Оған араласа алмаймыз" деп жауап берген.
"Халықаралық құқық қорғау ұйымы Думан Мұхаммедкәрімді саяси тұтқын деп есептеп, бостандыққа шығаруға шақырды" деген Азаттық тілшісіне: "Мен ол пікірмен келіспеймін" деді министр.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Адвокат: Думан Мұхаммедкәрімді этаппен Қызылордаға әкеттіQazaq Times қоғамдық-саяси порталының бас редакторы Қойшыбек Мүбарак ешқандай өзгеріс сезбегенін айтты. Ол елде сөз еркіндігінің аясы жыл өткен сайын тарылып барады деп есептейді.
– Медиа саласы кері кетіп бара жатыр деп санауға болады. Биыл журналист Думан Мұхаммедкәрім сотталды. Әйгерім Тілеужан түрмеде отыр. Қудаланып жатқан белсенділердің соттарын саусақпен санарлық БАҚ көрсетіп, жазып жатыр. Қазір саяси журналистикамен айналысу өте қиын. Оған Думан Мұхаммедкәрімнің жағдайы дәлел. Біз оның сотын басынан аяғына дейін бақыладық. Сөзіне жасалған сараптама қорытындысына дейін көрдік. Біздің елде егер саяси журналистикамен айналысып, сызып берген қызыл сызықтан асып кететін болсаң жағдайың қиын болады. Меніңше, елдегі жағдай "баяғы жартас сол жартас" күйінде. Ешқандай өзгеріс нышаны да байқалмайды, – деді Қойшыбек Мүбарак.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Интернеті еркін емес Қазақстанда кибершабуыл көбейген"Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымы әзірлейтін баспасөз индексі рейтингінде Қазақстан 180 елдің ішінде 142-орында тұр.
Ал Freedom House ұйымының биылғы "Интернет еркіндігі" есебінде "еркін емес" елдер қатарында қалды.
Your browser doesn’t support HTML5
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның халықаралық ұйымдардың бағалауына қарсы өз уәжі бар. Министр Қазақстанда бұқаралық ақпарат құралдарының дамуына барлық жағдай жасалған деп есептейді.
– Рейтингтер әртүрлі болады. Оны бағалау да әртүрлі болады. Қай жерде шектеу бар. Шынайы қарайықшы. Не қаласа соны жазып жатыр. Кейде тіпті асыра сынап кетіп жатыр. Мен мұнда ешқандай шектеу көріп тұрған жоқпын, – деді Аида Балаева қарашада журналистер алдында сөйлеген сөзінде.