Ұшақ апатынан 38 адам қаза тапты
Ақтауға құлаған Әзербайжан әуе компаниясының ұшағында болған 67 адамның 38-і қаза тапты. 29 адам аман қалып ауруханаға жеткізілген. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев мәлімдеді.
"11 адам жансақтау бөлімінде жатыр, олардың сегіз ес-түссіз жатыр. Ауруханаға түскендердің он үші - Әзербайжан азаматы, тоғызы - Ресей азаматы" деді Бозымбаев. Оның сөзінше, қаза тапқандарды анықтау үшін сараптама тағайындалған, кейбір мәйіттерді сараптамасыз анықтау мүмкін емес.
Сәрсенбі күні таңертең Azerbaijan Airlines компаниясы апатқа ұшыраған ұшақта 62 жолаушы мен экипаждың бес мүшесі болған деген ақпарат таратқан еді. Кейінірек Қазақстанның төтенше жағдай министрлігінің өкілі Қайрат Жанаспаев құлаған ұшақта барлығы 69 адам болған деп мәлімдеген.
Алдын ала ақпарат бойынша, ұшақта болған Қазақстанның алты азаматы қазаға ұшыраған.
Қырғызстанның үш азаматы аман қалғаны, аурухана түскені хабарланған. Екі адамның азаматтығы анықталып жатыр.
Маңғыстау облысында құлаған Azerbaijan Airlines компаниясының Embraer E190AR жолаушы ұшағы ең алғаш рет 2013 жылы шілде айында сапарға шыққан деп жазды маңғыстаулық Lada.kz басылымы. Сол кезден бері ұшақ бір ғана компанияның меншігінде болған, бірнеше жыл оның Buta Airways деген еншілес компаниясы пайдаланған.
4K-AZ65 тіркеу нөмірі берілген ұшақ Бакуден Ресейдің Волгоград, Самара, Қазан, Астрахань мен Грозный қалаларына, сонымен бірге Ақтау, Бішкек, Тбилиси және Трабзон қалаларына жолаушы тасыған. Flightradar сервисінің дерегі бойынша, бұл ұшақ 20 желтоқсанда Ақтау әуежайына қонып, қайтадан ұшып кеткен дейді Lada.kz.
Әзербайжандық телеграм-арналары Ақтау маңында құлаған Azerbaijan Airlines компаниясының жолаушы ұшағының артқы бөлігінің видеосын жариялап, құйрық жағында шұрық-тесік көп екенін айтып жатыр. Әзірге олардың неден пайда болғаны белгісіз.
Азаттық Ақтау маңындағы ұшақ апатының куәгерімен сөйлесті. Эльмира әріптестерімен автобуста келе жатқанда әуеден құлаған ұшақтың жарылғанын көріп, бірден сол жаққа бұрылып, алты-жеті кісі апат орнына жүгіргенін айтып берді.
"Жасөспірім қыздарды алып шықтым, анамды құтқарыңызшы деп жылады", – деді Эльмира. Ол ұшақ құлаған маңда бір сағаттай болып, адамдарға көмектескен.
ПІКІРЛЕР